Семейдің ажарын аспалы көпір ашып тұр
14.11.2012 07:28

3Тамсансаң, Семейдегі аспалы көпірге тамсан. Мұндай көпір ТМД-да жоқ. Әлем елдерінің өзінде саусақпен санарлық қана. Семейдің көркіне көрік қосып, сәулетін арттырған бұл аспалы көпір - Тәуелсіздіктің төл туындысы.

1998 жылы Үкімет Семей қаласында жаңа көпір құрылысын бастауға шешім шығарды. Өйткені, Ертіс өзені үстімен өтетін автомобиль көліктері жүретін бұрынғы ескі көпір пайдаланғанына небәрі отыз жылдан астам ғана уақыт өтсе де сыр бере бастаған-ды. Сөйтіп Семейде жаңа көпір салу мәселесі күн тәртібінде өткір тұрған болатын. Көпір құрылысының басталуына орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатысты.

Аспалы көпір құрылысымен негізінен жапондық «Аячай» фирмасы айналысты. Бас менеджер Мацузава басқарған бұл фирманың мұндай көпір салуда тәжірибесі бұрыннан-ақ бар екен. Атап айтқанда, Америкада, Түркияда, Оңтүстік Кореяда осындай көпірлердің құрылысын жүргізіпті. Көпірдің қаңқалары да Жапонияда жасалып, алдымен су жолымен, сосын теміржолмен Семейге тасымалданды. Жалпы, екі мемлекет арасындағы 4келісімге орай Жапония мемлекеті көпір құрылысына 165 млн. доллар бөліпті. Бұл қаржыны 2,7 пайызбен 30 жылда қайтару мәселесі де алдын ала пысықталған. Ал көпірге келіп тірелетін ұзындығы 16 шақырым жол құрылысын жүргізумен Түркияның «АлсимАларко» фирмасы айналысты. Осы арада айта кету керек, жаңа көпірдің үстіне табиғи асфальт төселген. Ол асфальт Кариб бассейніндегі Трининад көлінен арнайы тасып жеткізілген көрінеді. Сонымен қатар көпір құрылысы жұмыстарына өз елімізден 30-ға жуық фирмалар қатысса, жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрады.

Көпір құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын бітіп, 2000 жылдың қазан айында пайдалануға берілді.


Әдебиет:

Иманғали, М. Семейдің ажарын аспалы көпір ашып тұр [Мәтін] / М.Иманғали // Дидар. - 2011. - 12 қараша.

Қосымша әдебиеттер:

Елубай О. Семей көпірінің тұсауы кесілді [Мәтін] / О. Елубай, Д. Сейсенұлы // Дидар. - 2000. – 3 маусым.

Иманғали М. Семейге көрік сыйлаған аспалы көпір [Мәтін] : [Шығыстың жеті кереметі] / М. Иманғали // Дидар. - 2011. - 17 наурыз. - Б. 7.